Ол былтырдан бері Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті қызметін атқарады
Танымал әнші Қайрат Нұртастың әйелі, актриса Жұлдыз Әбдікәрімова өзіне еркін күрестен 17 жасқа дейін кадеттер арасындағы әлем чемпионы, Азия чемпионы, қазіргі уақытта Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті Нұржан Қатаевтың қоқан-лоққы көрсеткенін айтып шағымданды.
Актриса Астанада алаяқтардың арбауына түсіп, жалғыз баспанасынан айырылғанын, сот шешіміне көңілі толмайтынын айтып баспасөз мәжілісін өткізген.
Ол 2021 жылы «TUMARGrandVillage» құрылыс компаниясынан үй алғанын хабарлаған болатын. Актриса аталған құрылыс компаниясының негізін қалаушы Диляра Тәжімбетовамен коттедж салуға келісімшартқа отырып, екі жыл құрылыстың аяқталғанын күтеді. Алайда, оның айтуынша, Диляра Тәжімбетова берілу керек болған жерді басқа бір кредиттік ұйымға кепілдікке қойып, Жұлдыздың пәтерін құжат бойынша өзге адамға сатып жібереді.
Жұлдызды алдап кетті деген Диляра Тәжімбетова – белгілі балуан, еркін күрестен Азия чемпионы, кезінде Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубының директоры болған Нұржан Қатаевтың әйелі екен.
Актриса Тәжімбетоваға талап қойғанда, оның күйеуі хабарласып, дөрекі сөйлеген көрінеді.
Еркін күрес шебері Нұржан Қатаев біраз жыл ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, тіпті Азия чемпионы атанған. Сондай-ақ 17 жасқа дейін кадеттер арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы. Ол былтырдан бері Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті қызметін атқарады.
Әзірге Қатаев жұлдызды отбасының мәлімдемесіне байланысты ешқандай пікір білдірмеді. Ал апелляциялық сотта жеңілген Әбдікәрімова енді әділдікті Жоғарғы соттан іздемекші.