Шымкенттік балуан Қаламқас есімді арумен бас қосты
«Қазақстан барысы-2024» турнирінің күміс белбеу иегері атанған Ерсұлтан Мұзафаров шаңырақ көтерді.
Шымкенттік балуан қазақ күресінен және дзюдодан -100 келіде ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.
Жыл соңында бір басын екеу еткен спортшы Қаламқас есімді арумен бас қосқан. Спортшының тойы Шымқаладағы мейрамханалардың бірінде дүбірлеп өтіп, оған спорттағы достары құттықтап барды. Олардың арасында «Қазақстан барысы-2014» турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов та бар.
Ерсұлтан Мұзафаров бірнеше жылдан бері «Қазақстан барысы» турниріне қатысып келеді. Ол бұған дейін «Әлем барысы» турнирінде үздік үштікке енген. Сондай-ақ, биыл «Қазақстан барысы» турнирінде финалға дейін жетіп, шешуші сәтте Абай облысының балуаны Ерасыл Қажыбаевқа белдесу нәтижесі бойынша жол берді.
Сонымен бірге, спортшы дзюдодан Ақтөбеде өткен ел чемпионатында -100 келіде қола медаль иегері атанды. Ол дзюдодан бұған дейін бірнеше Гран При, Гранд Слэм турнирінде бақ сынаған.