Қазақ шахматшысының бұл дауға қатысы бар ма?
2024 жылдың соңғы күндері Нью-Йоркте шахматтың рапид түрінен әлем чемпионаты аяқталып, ресейлік гроссмейстер Володар Мурзин чемпион атанған еді. Осыдан кейін шахматшыны дайындаған Михаил Кобалия мен Ресей шахмат федерациясының атқарушы директоры Александр Ткачев арасында дау туындады.
Дауға себеп – шахматшыларға берілетін пәтер. Ткачев жас шахматшыға федерация тарапынан материалдық көмек көрсетіліп, пәтер берілгенін алға тартып отыр. Алайда, жеке бапкер Кобалия мұны жоққа шығаруда.
«Пәтер кілті жалғыз Володарға берілген жоқ. Ондай пәтерді Андрей Есипенко, Александра Мальцевская және Ресейдің намысын екі жыл қорғаған Бибісара Асаубаева да алды. Ресей шахмат федерациясының бұл пәтерлерге еш қатысы жоқ. Өйткені Володар отбасымен тұрып жатқан Химкидегі қызметтік пәтерді ProfChessClub берген. Мұны ұйымдастырып жүрген сол тұста Мәскеу облысы шахмат федерациясын басқарған Сергей Нестеров болатын. Қазір Ресей шахмат федерациясы мен Сергей Нестеровтың арақатынасы жақсы емес», - деді Кобалия.
Бұл даудың соңы немен аяқталары белгісіз.
Еске салайық, 2016-2018 жылдар аралығында Бибісара Асаубаева халықаралық жарыстарға Ресей атынан қатысқан болатын. Кейін Қазақстан шахмат федерациясымен мәмілеге келіп, Қазақстанға қайта оралды.