Қос балуан маңызды жарыстарда бес мәрте кездесті
Дзюдодан Токио Олимпиадасының чемпионы Наохиса Таката Гавай аралдарында фотосессия жасап, әйеліне той көйлегін кигізді.
Спорт әлеміндегі белгілі дзюдошы студент кезінде үйленгеніне қарамастан қалыңдығы сол уақытта ақ көйлекті кимегенін мәлімдеді.
«Гавай аралардарында үйлену фотосессиясын өткіздік. Студенттік шағымызда үйленіп, әйеліме той көйлегін кигізіп те үлгермеген едік. Бірақ енді балаларымызбен бірге суретке түсіп, нағыз бақытқа бөлендік. Тамаша суреттер үшін көп рақмет! Әлі де барымды салып, жақсы әке, жақсы күйеу болуға тырысамын!», - деп жазды Наохиса Такато.
Жапон дзюдошы қазақстандық Елдос Сметовтің салмағында (60 кг) көрсетеді. Қос балуан маңызды жарыстарда бес мәрте кездесіп, барлығында Такато басым түскен.
Ол Рио Олимпиадасында қола жүлдегер атанса, Токиода жеңімпаз болды. Жапония астанасында өткен ойындарда Такато жартылай финалда Сметовпен кездесіп, қосымша уақытта басым түсті.
Такато Париж Олимпиадасынан тыс қалып, оның орнына құрамадағы әріптесі Рюджи Нагаяма қатысты. Алайда ол Францияда қола медаль иеленді. Сметов Олимпиада чемпионы атанған соң Таката желіде жазба жариялап, «Сметов мен сыйлаған кимономен күресіп, Олимпиада чемпионы атанды» деп мәлімдеп, өзінің аса қуанышты екенін атаған еді. Кейін оның сөзін Елдос Сметов те растап, Олимпиада алдында Токиодан кимононы беріп жібергенін жеткізді.