Олимпиада аяқталған соң спортшылар медаль сапасына шағым айтуды бастады
Париж Олимпиадасынан кейін бірнеше спортшы медаль сапасына байланысты жүлделерін қайтарып бергені мәлім болды. 2024 жылғы Олимпиада аяқталғанына жарты жылға жуықтаса да оған қатысты дау-дамайлар әзірге еш толастамай отыр. Парижде спортшылар иеленген жүздеген медальдардың бояуы кетіп, басқа кейіпке ене бастаған. Соның салдарынан 100-ден астам атлет жүлдесін кері қайтаруға мәжбүр болған көрінеді.
Айта кететін жайт, медаль сапасына қатысты мәселе Олимпиада ойындары кезінде-ақ белгілі болған. Былтырғы 2-ші тамызда америкалық скейтбордист Найджа Хьюстон өзінің қола медалінің 10 күн өтпей жатып күңгірттене бастағанына шағымданған еді.
Бастапқыда бұл бір ғана жағдай болып көрінгенімен, Олимпиада аяқталған соң басқа спортшылар да медаль сапасына шағым айтуды бастады. Әсіресе қола медаль алғандардың шағымы жиілеген. Солардың қатарында британдық суға секіруші Ясмин Харпер, француз жүзушісі Максим Груссе, ирландиялық ескекшілер Филип Дойл мен Дэйр Линч, америкалық семсерші Ник Иткин де болды.
Олар медалінің қазіргі жағдайын әлеуметтік желілерде көрсетіп, онда бір ай өткенде қола медальдің сырты жарылып, бояуы түсіп қалғаны анық байқалғанын айтады.
Париж Олимпиадасының алтын жүлдесі да сондай сапалы болмағанға ұқсайды. Мәселен, АҚШ футболшысы Линн Уильямс өзінің алтын жүлдесінің лента бекіткіші мерекелік кеште үзіліп қалғанын айтып отыр.
«Медальды иығыма сөмке секілді асып жүргенмін. Билеп жүріп секіргенімде медаль жерге түсіп қалды. Енді оның үсті майысқан, ал бекіткіші мүлдем жоқ», – деді Уильямс.
Францияның La Lettre басылымы Олимпиада және Паралимпиадада жүлде алған 100-ден астам спортшы әртүрлі ақаулар мен тот басу мәселелеріне байланысты медальдарын қайтарғанын жазды. Әсіресе қола медальдарға қатысты шағым көп деседі.
Медальдардың бүліну себебі әлі анықталмағанымен, негізгі кінә сапасыз лакта болуы мүмкін екені айтылып отыр. Жоспар бойынша басқа лак қолданылуы керек болған. Алайда оның құрамындағы компоненттердің біріне тыйым салынғандықтан, өндіріс барысында басқасы қолданылған.
Бұл жағдай Париж монета сарайында үлкен дүрбелең туғызып, сапаға жауапты үш директор жұмыстан босатылғаны мәлім болды. Сондай-ақ, Халықаралық Олимпиада комитеті сапасы сыр берген барлық медальдарды ауыстыруға уәде берген.
«Сапасыз медальдар Париж монета сарайында ауыстырылып, түпнұсқамен бірдей гравюра жасалады. Ауыстыру жұмыстары алдағы апталарда басталады», – деп мәлімдеді ХОК өкілдері.