Испаниялық ұжым Сиднейде жеңімпаз атану үшін құйтырқы әрекетке барған
Баскетболдан Испанияның паралимпиада құрамасы тергеуден соң алтын медальден айырылды.
2000 жылы испаниялық ұжым Сиднейде (Австралия) өткен Паралимпиада ойындарында жеңіске жеткен. Жарыс ережесі бойынша, құрамға зияткерлік мүмкіндігі шектеулі ойыншылар ғана алынуы керек болған. Алайда Испанияның зияткерлік мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт федерациясы (FEDDI) жеңімпаз атану үшін құйтырқы әрекетке барған.
«Баскетбол командасының алаяқтығы Сиднейдегі Олимпиада ойындары аяқталған соң араға бірнеше күн салып белгілі болды. Команда мүшесі, журналист Карлос Рибагорда мұндай тәжірибенің алғаш рет жасалып жатпағанын дәлелдеу үшін іс-шараға ешқандай мүгедектігі болмаса да қатысқанын алға тартты. Оның нұсқасы бойынша, 1998 жылғы әлем чемпионатында Бразилия жеңіске жеткенде де, келесі жылы өткен Еуропа біріншілігінде де осындай алаяқтық әрекеттері болған», - деп жазды Marca.
Ол бұл әрекеті үшін 5 мың доллар көлемінде айыппұл арқалады.
Араға 13 жыл салып тергеу аяқталды, FEDDI президенті Фернандо Мартин Висенте сол жайтқа кінәлі жалғыз адам болғаны расталды. Ол федерация субсидия ретінде алған 142 мың 355 еуроны қайтарып берді, одан бөлек 5 мың 300 еуро айыппұл төледі. Өкінішке қарай, құраманың нағыз мүшелері зардап шекті.
«Сиднейге аттанар алдында тестілеу ретінде бізді бірнеше рет секіртіп, бірер жаттығу ғана жасатты. Олар маған ешқашан зияткерлікке арналған тестілеуді берген емес. Құрамадағы 12 ойыншының ішінде ақыл-есі кем екі-ақ баскетболшы болды: Рамон Торрес және Хуан Пареха. Қалған 10 ойыншы ол жерде өнер көрсетпеуі керек еді. Сол 10 ойыншының бәрі солай екенін білді...» - деді ұжымдағы баскетболшылардың бірі Marca-ға берген сұхбатында.