Ерлер арасында Елдос Сметов 4-ші орында тұр
Бүкіл әлем бойынша дзюдодан рейтингте қазақстандық Абиба Әбужақынова үздіктер легінде екінші орынға жайғасты. Отандасымыз 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде моңғолиялық Баавуудорж Баасанхүүні ғана алға жіберген.
Одан кейінгі сатыда Италия өкілі тұрақтаса, төрттіке жапон спортшысы Натсуми Цунода енді.
Бұдан бөлек, ерлер арасында Елдос Сметов 4-ші, Нұрқанат Серікбаев 15, Мағжан Шамшадин 24-ші орында тұр. 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев 12, 73 келіде Данияр Шамшаев 24, 81 келіде Абылайхан Жұбаназар 14, -100 келіде Шархан Нұрлыхан 23-орында тұр. Аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаев 32 сатыға ілінген.
Сонымен бірге, әйелдер арасында Ғалия Тынбаев 48 келі салмақта 10-шы, Есмигүл Құйылова 42, ал +78 келіде Кәмила Берліқаш 26-шы орнын сақтап қалды.
Айта кететін жайт, қазіргі уақытта Қазақстан дзюдошылары Астанада оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Олар жыл басындағы жарысты Парижде өтетін Гранд Слэм турнирінен бастамақ.