Ол «Император кубогіне» бір табан жақын қалып сүрінді
Токиода сумодан 2025 жылғы Хацу бащё турнирі аяқталғаннан кейін Саншо (үздік сумошыларға берілетін сыйлық – авт.) сыйлығын тағайындау жөніндегі комитет үздік нәтиже көрсеткен балуандарға арнайы марапат табыстау туралы шешім қабылдады.
Қазақстандық кәсіпқой сумошы «Кинбозан» Ерсін Балтағұл Хацу бащёда 12 жеңіс, 3 жеңіліс нәтижесімен «Канто-шо» (жаужүрек жауынгер, жауынгерлік рух) жүлдесімен марапатталды. Бұл марапатты Ерсін осымен екінші рет алып отыр. Бұған дейін 2023 жылы да ие болған. Осылайша ол «Канто-шо» аталымын екі рет иленген алғашқы қазақ атанды. Бұл Кинбозанның 2023 жылғы көктемгі турнирден кейін алған алғашқы Саншо сыйлығы.
«Барша жанкүйердің қолдауына рақмет. Қолымыздан келгенін бәрін істеп бақтық. Бұған да Аллаға шүкір деймін. Бірақ, тоқмейілсінбейміз.
Кубокты алу үшін талпындық. Алайда, көріп тұрғандарыңыздай, сәл ғана сәттілік жетпей қалды. Әрине, осымен бәрі аяқталған жоқ. Алда әлі талай дода күтіп тұр, бұдан да жоғары жетістіктерге жетуге болады. Мен әлі толық сұхбат беруге дайын емеспін. Бұйырса чемпион болып, Император кубогына жетейін. Сосын көпшіліктің сұрағына жауап беремін. Қазақстанға кубок алып баруды жазсын», - деді Ерсін Балтағұл 1bol.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Одан бөлек, жапондық Охо Коносукеге (12 жеңіс және 3 жеңіліс) «Гино-шо» (жоғары техника) жүлдесі табыс етілді. Охо алғаш рет Саншо жүлдесін алып отыр.
Бұрынғы озэки моңғол Киришима Бямбачулуун да «Канто-шо» (жауынгерлік рух) жүлдесіне ие болды. Бұл оның екінші рет осы сыйлықты алуы.
Охо мен Кинбозан шешуші белдесуде Хошорюға (Моңғолия) есе жіберіп, «Шукун-шо» (Үздік нәтиже) арнайы жүлдесінен құр қалды. Бұл жүлде соңғы рет 2023 жылғы Кюшю бащёда табысталмаған еді. Биыл Хацу бащёда Шукун-шоны ешбір балуан ала алмады.
Чемпион атанған моңғолиялық Хошорю Бямбасүрэнге турнир аяқтала сала Император кубогы берілді.