Ол келер жылы Париж олимпиадасына қатысады
Дзюдодан Азия ойындарының күміс жүлдегері Абиба Әбужақынова Атырау облысының жыл спортшысы атанды. Жылды қорытындылау бойынша өткен шарада белгілі спортшы өңір үздігі аталымына лайық деп танылған.
Абиба Абужақынова биыл көптеген жарыстарда жүлде алды. Жыл басында Португалияда өткен Алмада Гран-приінде чемпион атанса, Париж Гранд-слэмінде қола жүлдеге ие болды. Әлем чемпионатын 5-орынмен аяқтап, Қытайда өткен Азия ойындарында финалға шықты.
Белгілі спортшы бүгінде әлемдік рейтингте алтыншы орында тұр. Ол 2022 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленіп, қазақ қыздары арасында дзюдодан дүниежүзілік біріншілікте жүлде алған алғашқы спортшы атанған.
48 келіде күресетін отандасымыз келер жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатысады. Ол – Қазақста спортшылары арасында төртжылдықтың басты ойындарынан жүлде алу мүмкіндігі жоғары бірден бір спортшы.