![Моңғолиядағы қазақ қызы мұзға өрмелеуден жастар арасында әлем чемпионы атанды](https://1bol.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/12/67ac41a98209b461417542.jpeg)
Оның туған інісі төртінші орынға тұрақтаған
Оурэй қаласында (Колорадо, АҚШ) өткен мұзға өрмелеуден жастар арасындағы әлем чемпионатында моңғолиялық қазақ қызы Әмина Жанбота алтын медаль жеңіп алды. Ол 18 жасқа дейінгі санатта бағын сынаған болатын.
Әминаның уақыт көрсеткіші – 16.80 секунд. Екінші орын алған испан қызы Майте Вила бұл шыңды 22.84 секундта бағындырса, америкалық Зое Чиппер 39.84 нәтижесімен үшінші орынға ие болды.
«Биыл Моңғолия чемпионы атандым. Сол маған үлкен мотивация болып, әлем чемпионатында жоғары нәтижеге жетуге талпынысым күшейе түсті. Осы жеңіс мені алға қарай жетелейді. Сәтін салса әлі талай жерістіктерге жетемін деген ниеттемін», - деді қазақ қызы жарыстан кейін.
Осы чемпионаттың 16 жасқа дейінгі санатында Әминаның інісі Мұхамед қатысып, 4-орыннан көрінді.
Әмина Ұланбатыр қаласында дүниеге келген. 16 жаста, қазіргі уақытта 11-сыныпта оқиды.
Бұған дейін ол 2023 жылы Финляндияда өткен әлем чемпионатында U16 санатында жылдамдық категориясы бойынша сынға түсіп, үшінші орыннан көрінген. Сондай-ақ, халықаралық жарыстардың жүлдегері. Биыл ересектер арасында Моңғолияның чемпионатында топ жарған.