
Қоржында бір алтын және бір күміс медаль бар
Польша астанасы Варшавада өткен дзюдодан Еуропа ашық кубогінде Қазақстанның екі балуаны жүлдегерлер тұғырына көтерілді. Айта кетерлігі, айтулы турнирге біздің елден 25 дзюдошы аттанған болатын.
Бір қызығы, жүлде алған екі балуан да бір салмақта – 60 келіде күресті. Екеуі финалға шығып, Шерзод Давлатов чемпион атанса, Бақытжан Аман күміс жүлдені місе тұтты.
Ал, қалған 23 дзюдошының бәрі жүлдесіз қайтты. 66 келіде күрескен Бауыржан Нарбаев қола жүлде үшін таласта украиналық Дубина Хлибке есе жіберсе, 73 келіде күрескен Ықылас Әлсейіт Португалия дзюдошысы Квантидзе Отариден жеңілді.