
Кешеннің ашылу салтанатына Халықаралық дзюдо федерациясының президенті келді
Өзбекстанда дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы Диёра Келдиёроваға арналған спорт кешені ашылды. Бұл туралы Өзбекстан президентінің қызы – паралимпиада комитеті төрағасының бірінші орынбасары Шахноза Мирзиёева хабарлады.
«Бүгін Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер мырзамен бірге 2024 жылғы Париж Олимпиадасының жеңімпазы, Өзбекстанның дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы Диёра Келдиёроваға арналған спорт кешенін аштық. Бұл жаңа спорт кешені чемпиондар шығатын ортаға айналады! Визер мырза Өзбекстандағы салауатты өмір салтын насихаттауға, спорттың әр түрінен жан-жақты қолдау көрсету арқылы жастардың, әсіресе қыздардың белсенділігін арттыруға арналған іс-шараларды жоғары бағалады», - делінген Instagram парақшасында.
Кешеннің ашылу салтанатына сондай-ақ IJF президенті Мариус Визер, Өзбекстан Олимпиада комитетінің вице-президенті, дзюдо федерациясының президенті Азизжон Камилов және Диёра Келдиёрованың өзі қатысты.
Айта кетейік, Диёра Келдиёрова 52 келі салмақта Гранд-Слэм турнирлерінің 5 дүркін жеңімпазы, екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Олимпиада чемпионы.