
Ол Қазақстанда жаттығу үшін жақсы жағдай жасалғанын айтады
Былтыр Ресей азаматтығын Қазақстанның көк паспортына алмастырған конькиші Елизабета Голубева «Дядя Ваня» телеграмм арнасына сұхбат берді. Спортшы неліктен мұндай қадамға барғанын айтты.
«2023 жылы Қазақстан конькишілер одағынан Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсету туралы ұсыныс түсті. Мен мұны спорттық карьерамды халықаралық аренада жалғастыруға жақсы мүмкіндік деп қарастырдым. Себебі белгілі бір жағдайларға байланысты шетелде өнер көрсете алмайтын едім. Сондықтан келістім. Қазақстан азаматы атанғаныма бір жыл толды. Бапкерлерім, ата-анам қолдады. Дегенмен Ресейде бұл жаңалықты әртүрлі қабылдады. Бастысы, екі жылдық карантиннен өтуің керек. Өзге ресейлік спортшылармен де келіссөздер жүргізіп жатқанын естігенмін, бірақ нақты кіммен екенін білген жоқпын. Сондықтан Кристина Силаева Қазақстан құрамасындағы жаңа әріптесім атанғанда қатты қуандым», - деді спортшы.
Ол Қазақстанда жаттығу үшін жақсы жағдай жасалғанын да тілге тиек етті. Сөзінше, азаматтығын ақша үшін ауыстырмаған.
«Қазақстанда жағдай жасалған. Азаматтықты ақша табу үшін ауыстырған жоқпын. Бар-жоғы ісімді әрі қарай да сапалы атқарғым келеді. Қазір шеберлігімді шыңдауға мүмкіндік алдым. Қазақстан құрамасында мені жылы қабылдады. Адамдардың қонақжайлылығын көріп таңғалдым. Құрама көшбасшысы Надежда Морозова – жақсы құрбым. Жеңіске деген ұмтылысы ұнайды, сондықтан бірге жаттыққан қолайлы, - деп қосты Елизабета Голубева.