
Ол Парижден кейін енді алғашқы жарысына шығып отыр
Париж Олимпиадасының финалында Елдос Сметовтен жеңіліп қалған Франция дзюдошысы Лука Мхеидзе Тбилисиде (Грузия) өтіп жатқан Гранд Слэм турнирінде топ жарды.
60 келі салмақ дәрежесінде белдескен балуандар жарыстың бірінші күнінде өзара мықтыны анықтады. Токио Олимпиадасында – қола, Парижде күміс алған Мхеидзе бұл жолы қарсылас шақ келтірген жоқ. Ол Грузия астанасында төрт белдесу өткізді. Алдымен жарыс қожайыны Амирани Дарбайселиді ваза ари ұпайымен жеңсе, екінші белдесуінде израильдік Иехонатан Векслерден шидо саны бойынша басым түсті. Жартылай финалда моңғол дзюдошысы Ариунболд Энхтайванды ваза аримен сан соқтырды. Финалда бразилиялық Аугусто Михаелді жеңіп, жарыстың жеңімпазы атанды.
Фото Reuters. Париж-2024.
Айта кету керек, Лука Мхеидзе мен Елдос Сметовтің финалдық кездесуін Франция президенті Эмманюэль Макронның өзі келіп тамашалаған еді. Мхеидзе осы жеңілістен кейін ұзақ уақыт демалып, енді алғашқы жарысына шығып отыр. Елдос болса Парижден кейін әлі ешбір жарысқа қатысқан жоқ.