
Балуан АҚШ-та өтетін олимпиадаға қатысуды көздеп отыр
Ғұсман Қырғызбаев жарыстарда үнемі жеңілген сәтінде бапкерлердің де теріс айналған сәті болғанын атады. Париж Олимпиадасының қола жүлдегері мұндай қиындықтардан қалай шыққанын Спорт+ арнасына берген сұхбатында әңгімелеп берді.
«Сегіз жарыстың жетеуінде ұтылған кездер болды. Маған не болды деп ойға қалатынмын. Бапкерлердің де теріс айналғандары болды. Бірақ бәрі өзіме байланысты еді. Іштей «сенімдеріңізді ақтаймын» деп қоямын. 60 келіде 66 келіге ауысқанда тіпті қиындай түсті. Жарыстардан құр алақан оралып жүрдім. «Бұйырса дәлелдеймін» деумен жүрдім. Жаңа салмақта рейтингте ұпай жинап, Олимпиадаға жол түсті. Бұл екі жылдың ішінде болған жағдай», - деді Ғұсман Қырғызбаев.
Ғұсман Қырғызбаев өткен жылы Париж Олимпиадасында 66 келіде белдесіп, жартылай финалға дейін жетті. Ол іріктеу кезеңдерінде Испания, Оңтүстік Корея, Франция дзюдошысын жеңсе, жартылай финалда Бразилия балуанына жол берді. Ал қола медаль үшін күресте Сербия балуанын жығып, төртжылдықтың басты ойындарынан олжалы оралды.
Сондай-ақ, спортшы алдағы Олимпиада ойындарында күресуді көздейтінін атады. Ол 36 жасқа қараған шағында АҚШ-та өтетін ойындарда татамиге шығу үшін барын салатынын жеткізді.