
Өз елінің билігі оған жеңілуді бұйырған
Саяси жүйенің қысымын көп көрген ирандық дзюдошы Саид Моллаи мансабын аяқтады. Бұл туралы балуан IJF-тің медиа-өкілдеріне берген сұхбатында мәлімдеді.
Ол үлкен спорттан кеткенімен, Халықаралық дзюдо федерациясында қызметін жалғастыратынын айтып отыр.
«Мен дзюдо жанұясымен, IJF-пен және IBSA-мен біргемін. Мұнда болғаным өте жақсы. Мен Германияда тұрамын және дзюдо саласында қызмет істеймін. Дзюдо – менің өмірім. Маған, жастармен жұмыс істеу ұнайды. Мен оларға білгенімді үйретуді ұнатамын. Мен үшін жастармен жұмыс істеу оңай», - деді Моллаи.
Ол сондай-ақ, пара дзюдода да тәжірибесі бар екенін, осы бағытта да жұмыс істеуге дайын екенін айтып отыр.
«Менің пара дзюдомен байланысым көп жылдардан басталады. Германияның IBSA командасымен жұмыс істедім, бірақ бұл тұрақты жұмыс емес еді. Мен тек көмектестім. Енді пара дзюдоны келесі деңгейге қалай көтеруге болатынын көру үшін IBSA-мен жұмыс істеуді асыға күтемін», - деп айтты парсы дзюдошысы.
Саид Моллаи 2019 жылға дейін Иран атынан күресіп келген. Алайда, сол жылы ол әлем чемпионатының жартылай финалында басшылықтан «жеңіл» деген бұйрық алады. Себебі, Моллаи финалға шыққан жағдайда оны Израиль дзюдошысы күтіп тұрған еді. Ол өзіне жасалған қысым туралы IJF өкілдеріне баяндап, бұдан кейін Иран атынан күреспейтінін мәлімдеді. Артынша Германия оған саяси баспана берді.
Моллаи осы күнге дейін Моңғолия және Әзербайжан атынан күресіп, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (2020 ж), халықаралық турнирлердің чемпионы атанып үлгерді.