Қазақстанның грек-рим балуандары Азия чемпионатын алтынсыз аяқтады

27.03.2025, 00:09

Дәл осындай төмен көрсеткіш тура алты жыл бұрын тіркелген еді

Қазақстанның грек-рим балуандары Азия чемпионатын алтынсыз аяқтады
olympic.kz

Иордания астанасы Амман қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан грек-рим құрамасы алтынсыз қалды. 

Аммандағы құрлықтық додада елімізден 10 классик балуан қатысып, 2 күміс, 2 қоламен жарысты аяқтады. 

Атап өтер болсақ, Әлімхан Сыздықов (130 келі) пен Омар Сатаев (82 келі) күміс медаль алды. Ал, Ибрагим Магомадов (77 келі) пен Шамиль Ожаев (87 келі) қола медаль олжалады. Сондай-ақ, екі балуан қола медаль үшін белдесуде жеңіліп, 5-орынмен аяқтады. Олар – Ербол Камалиев (55 келі), Сұлтан Әсетұлы. 

Одан бөлек 6 балуан жарысты ерте аяқтады. Оның үшеу алғашқы айналымда жеңілді. Бақытжан Қабдыл (60 келі) жапондық Кайто Инабадан ойсырай жеңілсе, құраманың тәжірибелі балуаны Мейіржан Шермағанбет (67 келі) Оңтүстік Кореялық Минсонг Квонға 11:5 есебімен есе жіберді. 72 келіде бақ сынаған Әділхан Сатаев қырғызстандық Ырыскелді Хамзаевтан өте алмады. 97 келіде күрескен Ильяс Гучуговты ширек финалда үнді балуаны Нитеш тізе бүктірді.

Бұл Азия чемпионатында қазақстандық классиктер төмен нәтиже көрсетті деуге болады. Соңғы рет 6 жыл бұрын, яғни 2019 жылы Үндістанда өткен құрлық біріншілігінде Қазақстан балуандары алтынсыз қалған болатын. 

Тәуелсіз Қазақстан тарихында отандық классиктер осымен 6 рет Азия чемпионатында алтын ала алмады. Атап айтқанда 2001, 2007, 2010, 2019 жылдары және биыл отандастарымызға чемпиондық атақ бұйырмады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам