Қыздар мен ерлер боксы теңеседі. Еркекшора бокшылар. Ұлттық құрамадағы интирига

Абиба Әбужақынова Аустрияда жаттығып екі турнирде күреседі

04.01.2024, 16:26

Ол әлемдік рейтингте өз салмағында 11-орында тұр

Абиба Әбужақынова Аустрияда жаттығып екі турнирде күреседі
olympic.kz

Дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері Абиба Абужақынова бастаған дзюдошылар жексенбіде Аустрия елінде басталатын халықаралық оқу-жаттығу жиындарына аттанады. Бұл туралы спортшы «Бірінші бол» тілшісіне берген сұхбатында айтты.

48 келіде күресетін отандасымыз алда Аустрияда өтетін сынға ұлттық құраманың 5 спортшымен бірге барады. Олардың қатарында Ғалия Тынбаева, Аруна Жангелдина, Кәмила Берліқаш, Есмигүл Құйылова, Бақыт Құсақбаева сынды татами шеберлері бар.

Аталған оқу-жаттығу жиындарына жиырмаға тарта елдің құрамасы қатысады. Біріккен жаттығу барысында отандық дзюдошы қыздар апта бойы дайындықтарын пысықтауды көздеп отыр.

«Жексенбіде Еуропаны бетке аламыз. Құрамадағы 6 спортшы сол жақта жаттығып, одан кейін Португалиядағы Гран При жарысына қатысамыз. Одан кейін ақпан айында Баку Гранд Слэміне сынға түсеміз деген жоспар бар. Қазір өзім бөлек жаттығып жүрмін. Жеке спарринг серіктесім – Толғанай Әбеуова. Бұдан бөлек, атыраулық Дана Әбдіровамен де дайындықты жетілдірудемін», - деді Абиба Әбужақынова.

Ол қазір жаттығуды күшейткендіктен, уақыты тығыз екенін алға тартты.

«Жеке бапкерім Нұрбол Сүлейменовпен ақылдаса келе, енді бос уақытты тиімді пайдаланамын деп шешім қабылдадым. Енді әлеуметтік желіні қолдануға шектеу қоямын. Олимпиада ойындары аяқталғанша сұхбат беруге де құлықты емеспін. Алдағы жарыстардың барлығы мен үшін аса маңызды. Сондықтан Олимпиадаға дейін өзімнің бабымды сақтап, нәтижені жақсартуым керек», - деді спортшы.

Абиба Әбужақынова 2022 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Ал былтыр Дохада қола жүлде үшін күресіп, есе жіберді. Ал Қытайда өткен Азия Ойындарында финалға шығып, күміс медальға ие болды. Айта кететін жайт, спортшы бүгін әлемдік рейтингте өз салмағында 11-ші орында тұр.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам