
Ол әйгілі Гюзель Манюрованың жетістігін қайталады
Амманда (Иордания) өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Жәмила Бақбергенова алтын медальға қол жеткізді.
Жәмила Амман бозкілемінде алдымен Оңтүстік Кореялық Сехе Кимді айқын басымдықпен жеңді (10:0).
Жартылай финалда байырғы қарсыласы – әлем чемпионы Фируши Масакодан соңғы секундта жеңісті жұлып алды. Финалда қытайлық Лиюден басым түсіп, төрт дүркін Азия чемпионы атанды.
Жәмила Бақбергенова жыл басынан бері үшінші жарыста топ жарып отыр. Ол алдымен Минскте өткен халықаралық жарыста алтын алса, артынша Тиранадағы рейтингтік турнирде жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінген.
Жәмила сондай-ақ, осымен бесінші мәрте Азия чемпионатының финалында күресті. Бұған дейін ол 3 рет чемпион атанса, 1 мәрте күміс медаль алған болатын.
Сонымен қатар, Жәмила Бақбергенова – әйелдер күресінен Азия чемпионатында төрт мәрте алтын алған екінші қазақстандық балуан. Бұған дейін Гюзель Манюрова дәл осындай жетістікке жеткен болатын.
Жәмиладан бөлек Зейнеп Баянова (53 келі) қола медаль еншіледі. Осылайша, Аммандағы құрлық біріншілігін әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 қоламен аяқтады.