
Ол финалға шықса Ризабек Айтмұқанмен күресетін еді
Амман қаласында (Иордания) күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында Қытай құрамасында өнер көрсететін қазақ балуаны Қабила Абусайман 97 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды.
Қола медаль үшін белдесуде қандасымыз қырғыз балуаны Каныбек Абдулхайыровты сан соқтырды.
Қабила жартылай финалға дейін жеткен. Жартылай финалда осы салмақтың чемпины болған жапон Араш Йошидадан жеңілді. Одан бұрын моңғолиялық Ганхуяг Ганбаатарды жарыс жолынан шығарды.
Қабила 1998 жылы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиясында дүниеге келген. Шыңжаң педагогикалық университетінің түлегі. 2017 жылдан бері Қытай құрамасында бақ сынап келеді. Бұған дейін Азия чемпионатында – күміс, Азия ойындарында қола медальға қол жеткізген. Атап айтқанда, 2023 жылы Астанадағы құрлықтық додада күміс алса, 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азиадада қола медаль иеленген. Сондай-ақ, ол Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан. Парижде ол алғашқы айналымда АҚШ-тың даңқты балуаны Кайл Снайдерге есе жіберген.
Еске салайық, дәл осы салмақта күрескен Ризабек Айтмұқан финалда жапон балуаны Араш Йошидадан жеңіліп, күміс медальға қол жеткізді.