Нұрқожа Қайпанов үш дүркін Азия чемпионы атанды

30.03.2025, 21:26

Сондай-ақ, оның әлем чемпионы деген атағы да бар

Нұрқожа Қайпанов үш дүркін Азия чемпионы атанды
olympic.kz

Иордания астанасы Амман қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында еркін күрестен 74 келіде сынға түскен Нұрқожа Қайпанов алтын медаль алды. 

Финалда ол қырғыз балуаны Орозобек Токтомбетовпен тартысты белдесу өткізіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. 

Нұрқожа Амман бозкілемінде үш белдесу өткізді. Алғашқы айналымда Бахрейн балуаны Магомедрасул Аслевтен 2:1 есебімен басым түсті. 

Ширек финалда моңғол Батбаяр Батсүхті айқын басымдықпен жеңді (10:0). Жартылай финалда ирандық Мохаммедреза Шакериден айласын асырды. Есеп – 6:1.

Нұрқожа осымен Азияның үш дүркін чемпионы атанып отыр. Бұған дейін 2019 жылы Қытайда 70 келіде топ жарса, 2021 жылы Алматыда өткен құрлық біріншілігінде алтыннан алқа тағынған. Сондай-ақ, 2022 жылы Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатының финалында Иран балуаны Ионес Емамишогаейден жеңіліп күміс медальға ие болған.

Айта кетейік, Нұрқожа Қайпанов былтыр қазан айында Албания елінде өткен әлем біріншілігінде 70 келіде жеңімпаз атанған. Содан бері бірде-бір шетелдік жарысқа қатыспаған.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам