Азамат Дәулетбеков Азия чемпионатының алтыншы жүлдесін жеңіп алды

30.03.2025, 22:13

Ол жаңа салмақта алғаш рет шетелдегі жарыста күресті

Азамат Дәулетбеков Азия чемпионатының алтыншы жүлдесін жеңіп алды
olympic.kz

Күрес түрлерінен Иорданияда өтіп жатқан Азия чемпионатында еркін күрестен Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті. Құрама көшбасшысы Азамат Дәулетбеков жаңа салмақта, яғни 92 келіде күресіп, қола медальға ие болды. 

Азамат Азия біріншілігінде үш белдесу өткізді. 

Алғашқы белдесуінде ол қытайлық Лин Зушенді 7:1 есебімен ұтқанымен жартылай финалда Иран балуаны Амирхоссейннен ойсырай жеңілді. Есеп – 12:0. Қола медаль үшін күресте өзбекстандық Шерзод Пойоновтың осал тұсын тапты.

Құраманың көшбасшысы Азамат биылдыққа алғаш рет 92 келіде шетелдік жарыста күресіп, медаль алып отыр. Былтыр Таразда өткен ел кубогында осы салмақта топ жарып, бірінші нөмерлі балуан атанған еді. Осыған дейін ол 86 келіде күресіп келген болатын. 

Дәулетбеков 86 келіде үш жыл қатарынан (2022, 2023, 2024) Азия чемпионы атанған. Одан бұрын 2017 жылы күміс алса, 2018 жылы қола медаль алған. 

Сондай-ақ, 2022 және 2023 жылы Сербиядағы әлем чемпионатында қола медаль еншілеген. 

Париж Олимпиадасына өнер көрсетіп, алғашқы белдесуінде америкалық Аарон Брукстен есе жіберген.

Айта кетейік, Қазақстан еркін күрес құрамасы Амманда 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль алып, Азия чемпионатын аяқтады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам