«Балуандарды ақшаға сатты»: Ресейдің еркін күрес бапкері федерация басшысын айыптады

13.04.2025, 10:41

Словения астанасында болған шу әлі басылар емес

«Балуандарды ақшаға сатты»: Ресейдің еркін күрес бапкері федерация басшысын айыптады
UWW

Еркін күрестен Ресейдің ұлттық құрамасын жиырма жылға жуық баптаған Дзамболат Тедеев Еуропа чемпионатында Албания балуанымен төбелесіп қала жаздаған федерация басшысы Михаил Мамиашвилиді ауыр айыптады.

Есте болса, Мамиашвили Еуропа чемпионы атанған албаниялық Чармен Валиевті марапаттау кезінде оған «сатқын» деп сыбырлаған. Артынша екеуі жаға ұстасып қалды. Өйткені, Чармен – Ресейдің тумасы, бірер жыл бұрын азаматтығын ауыстырып, қазір Албания атынан күресіп жүр. 

Ресей құрамасының экс-бас бапкері Тедеевтің айтуынша, Мамиашвилидің бұл әрекеті – әдептен аттау ғана емес, өзінің шынайы бет-бейнесін көрсету.

«Мамиашвилидің әрекеті ешқандай адамгершілікке, спорттық қағидаларға да, күрес дәстүрлеріне де сай келмейді. Бұл мінез-құлық елдің халықаралық аренадағы беделіне нұқсан келтіріп отырғанын қалай елемеуге болады?! Ол басқаға "сатқын" деп айтуға қандай қақысы бар, егер өзі жылдар бойы спортшыларды өзге құрамаларға сатып, олардан қыруар ақша тауып отырса?! Бұл қаражат біздің спортты дамытуға емес, өзінің қалтасын қампайтуға кетіп жатыр», - деді Дзамболат Тедеев.

Ол Братиславада еркін күрестен 74 келіде алтын медаль алған Чермен Валиевтің өзін марапаттау сәтінде арандатуға бой алдырмай, ерлерге тән мінез танытқанын алға тартты.

«Чемпион атанған, жас әрі прогрессивті балуанға құттықтау айтудың орнына кінә арту – нағыз екіжүзділік. Ол жігіт жарыс жолында да, мінезімен де нағыз ерге тән тазалық танытты. Чермен – кавказдық тәрбие көрген, үлкенге құрметпен қарайтын азамат, сондықтан үндемеді. Бірақ, егер мен оның орнында болсам, ондай "үлкеннің" қолынан медаль алудан бас тартар едім…», - деді Тедеев.

Словакияда жүлде алған Албания құрамасының балуаны Чермен Валиев Париж Олимпиадасынан 4 ай бұрын Ресей азаматтығынан бас тартқан болатын. Ол Братиславадағы біріншілікте 74 келіде чемпион атанып, финалда Токио Олимпиадасының чемпионы, ресейлік Заурбек Сидаковтан 4:2 есебімен басым түсті.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам