
Оның бұрынғы салмағы пара олимпиада бағдарламасынан қысқарып қалған
Париж пара олимпиадасының чемпионы, даңқты дзюдошы Ақмарал Науатбек жаңа салмаққа ауысты.
Бұл туралы Қазақстан құрамасының бас бапкері Жандос Киянов мәлімдеді.
«2020 жылғы Токио Олимпиадасынан кейін парадзюдо (J1), және (J2) деп екі категорияға бөлінді. Токиоға дейін В1, В2, В3 санаттары болған. Нақтылап айтсам, көзі нашар және көзі мүлдем көрмейтін спортшылар бәрі бірге күресетін еді. Кейін жоғарыда айтқанымдай, J1 және J2 тобына бөлгеннен кейін салмақтар қысқарды. Парижден кейін салмақтар арасы алыс деп тағы біраз салмақтарды ауыстырды. Соның ішінде Ақмарал Науатбек белдесетін 48 келіні де қысқартып тастады. Сол себепті Ақмарал қазір 52 келіге ауысты», - деді бапкер Жандос Киянов.
Айта кетейік, жуырда пара дзюдодан Тбилисиде өткен әлем кубогінде Ақмарал Науатбек дәл осы жаңа салмақта (52кг) белдесіп, чемпион атанды. Сондай-ақ, «Metaratings top awards» кешінде дауыс беру нәтижесінде көп дауыс жинап, «Үздік спортшы» атағын жеңіп алды.