
Сәкен Мұсайбеков 2021 жылы ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған болатын
Ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) вице-президенті болып тағайындалды.
«Сәкен Мұсайбеков – қысқы олимпиадалық спорт түрлері жөніндегі вице-президенті, Шайбалы хоккей федерациясының бас директоры», – делінген ресми ақпаратта.
Айта кетейік, Сәкен Мұсайбеков 2021 жылы қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған болатын. Ол букмекерлік қызмет саласындағы мүдделерге қолдау көрсеткен және жалпы қамқорлығы үшін пара алған. Пара ретінде «Exirius» ЖШС басшысы Заңғар Медеуов оған 6,2 млн теңге берген. Оның 4 миллионына Hermes әйелдер сөмкесі сатып алынған.
Кейін Мұсайбеков кінәсін мойындап, мемлекетке 62 млн теңге көлемінде айыппұл төлеп құтылған еді.