
Қазақстан ерлер құрамасынан 11 дзюдошы бақ сынайды
Қазақстандық дзюдошы Ислам Бозбаев дзюдодан Грузияның Гори қаласында өтетін Еуропа кубогында белдесетін болды.
Еуропа кубогында -100 келіде 19 дзюдошы сынға түседі. Аталған турнирдің басты фавориті ретінде теміртаулық татами шебері тіркелген. Мамыр айының 10-11 күндері өтетін бәсекеде Қазақстан ерлер құрамасы сапында 11 дзюдошы бар.
Былтыр Ақтөбе қаласында өткен ел чемпионатында Ислам Бозбаев бірінші айналымда есе жіберген еді. Одан кейін балуан жақында Семейде өткен Abai Open турнирінде топ жарды.
Бозбаев өз мансабында бірқатар жарыстарда топ жарған. Оның ішінде Азия ойындарының күміс жүлдегері болса, Азия чемпионатында бес рет жүлде алды. Сондай-ақ, спортшы бірқатар Гранд Слэм және Гран При турнирлерінде жеңімпаз атанған.