Танымал спортшы ажырасқысы келетіндерге салық төлетуді ұсынды

30.04.2025, 15:56

2023 жылы елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, соның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталған

Танымал спортшы ажырасқысы келетіндерге салық төлетуді ұсынды
Мәжіліс

Қазақстандық танымал спортшы, депутат Ардақ Назаров Мәжілісте ажырасу мәселесін көтеріп, қамалға айналған қазақ отбасы ауыр сырқатқа ұшырады деп отыр.

Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сүйенсек, 2023 жылы елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, соның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталған. Ал мұның салдарынан бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың еркек жалғыз басты отбасы кебін құшып отыр. Депутат бұған қарсы шара қолданбасақ, тоқырауға ұшыраймыз деген болжамын жеткізді.

«Шаңырағының берекесі, отбасының ұйытқысы бола білген, әдебі алтын жіппен әдіптелген текті қыздарымыз қайда? Отбасы-ошақ қасының түйткіл мәселелерін түбірлі түрде шешпей тұрып, әлемдік трендтердің соңынан аты-жөні жоқ, алашапқын ілесе берсек, ұлт ретінде үлкен тоқырауға ұшырарымыз анық», - деді ол.

Аралас жекпе-жек өнерінің өкілі бұл мәселенің алдын алу үшін Үкімет басшысы Олжас Бектеновке бірқатар ұсынысын да жеткізді. Соның ішінде арыз берген азаматтарға жарна төлеткізу қажет деп санайды.

«Біріншіден, ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптылардың біржақты шешімі негізінде сотқа арыз қабылданбас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеу тәртібін енгізу қажет. Бұл төлемнің көлемі едәуір жоғары болуы тиіс. Сонымен қатар ресми түрде ажырасқан тұлғалар үшін табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру қарастырылсын», - дейді ол.

Сонымен қатар ажырасуға өтініш білдірген екі тараптың ісін сот емес, алдымен арнайы құрылған қоғамдық ұйымдар қарасын дегенді алға тартты.

«Жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған жергілікті қоғамдастық кеңестері, ардагерлер алқасы, имамдар, әйелдер кеңесі сынды консультативтік-кеңесші органдардың әлеуетін пайдалану ұсынылады. Ажырасуға өтініш берген ерлі-зайыптылардың ісі сотқа жетпей тұрып, алдын ала осы кеңестердің қарауына ұсынылып, бітімгершілік және татуласу бағытында жұмыс жүргізілсе, көптеген отбасылардың сақталып қалуына мүмкіндік туар еді», - дейді Назаров.

Бұдан бөлек жас отбасыларды материалдық тұрғыдан да қолдау керек деп санайды:

«Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу қажет. Бағдарлама аясында некеге енді отырған жастарға алғашқы жылдары тұрғын үй алу, балалы болу, тұңғыштарын балабақшаға тегін орналастыру және тұрақты жұмысқа орналасу бойынша кешенді мемлекеттік қолдау тетіктері ұсынылуы тиіс. Атап айтқанда, ипотекалық жеңілдіктер, алғашқы баланың дүниеге келуіне байланысты арнайы жәрдемақылар, сондай-ақ салықтық демалыс сияқты жеңілдіктер көзделуі қажет».

Мәжілісменнің сөзінше, дүркіретіп той өткізу үшін несие алу дәстүрін де тоқтау керек. Ол арнайы насихат жүргізіп, оған қоғамның белсенді, танымал өкілдерін тарту керек деп санайды.

«Қазіргі қоғамда екі жастың үйлену тойына байланысты қарызға бату, банктік несиелер алу жағдайлары жиі кездесуде. Бір сәттік салтанат үшін бірнеше жыл несие төлеу жас отбасының берекесін кетіріп, экономикалық тәуелсіздігіне кері әсер етеді. Осыған байланысты Үкіметке жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру, несиеге той жасамау жөнінде жалпыхалықтық ақпараттық-идеологиялық қозғалыс бастауды ұсынамын», - деді Ардақ Назаров.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам