
Ахмет Тажудинов - еркін күрестен 97 келіде ең үздік балуан
Еркін күрестен Париж Олимпиадасының чемпионы Ахмед Тажудинов ауыр жарақатынан кейін бұғанасына жасалған ота туралы айтты. Ол бұғанасын бекіту үшін салынған темір бұранданы көрсетті.
Париж Олимпиадасында 97 келіде чемпион атанған бахрейндік балуан биыл Азия чемпионатына барып, алайда жарақатына байланысты белдесуге шықпай қалған болатын. Ол өзінің жарақатының өте күрделі екенін атап, алда біраз уақыт емделетінін жеткізген еді. Амманда өткен додада Тажудинов жартылай финалға жеткен жағдайда қазақстандық Ризабек Айтмұқанмен күресуі мүмкін болған.
Париж Олимпиадасының ширек финалында қазақстандық Әлішер Ерғалимен күрескен Тажудинов жарақат алғанын сұхбатында айтқан. Ол белдесу барысында әдіс жасау кезінде жауырынын ауыртып алғанын жеткізген. Кейін тексеру барысында оның жарақатының күрделі екені белгілі болып, ота жасатуға тура келген.
Айта кететін жайт, Ахмет Тажудинов еркін күрестен 97 келіде ең үздік балуанның бірі. Ол 2023 жылы әлем чемпионатының ширек финалында Олимпиада чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы Кайл Снайдерді (АҚШ) 11:0 есебімен жеңген болатын. Ал жартылай финалда өзінің дағыстандық жерлесі, бір залда жаттығатын Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Абдулрашид Садулаевты 9:2 есебімен жеңді.