
Ол жыл басынан бері қатысқан жарыстарының бәрінде дерлік жүлделі орындардан көрінді
Душанбеде (Тәжікстан) өткен Гранд Слэм турнирінде 48 келі салмақта қола жүлдеге ие болған Абиба Әбужақынова күтпеген мәлімдеме жасады.
Естеріңізге салсақ, спортшы бұған дейін берген бір сұхбаттарында «тағы да 3-орын ба» деп сынға алатындар бар екенін, үшінші орын үшін де бар күш жігерін салып, белдесетінін айтқан еді.
«Көпшілік үшін – тағы да 3-орын болса мен үшін – қадірлі. Әр жарыста жеңіп алған медальдарым мен үшін қадірлі. Маған қолдау көрсетіп, жанкүйер болған баршаға рақмет», - деді Абиба Әбужақынова өзінің instagram-парақшасында.
Еске салайық, Абиба Әбужақынова жыл басынан бері қатысқан жарыстарының бәрінде дерлік елге жүлдемен оралды. Линц қаласында өткен Гран При турнирінде ол чемпион атанды.
Айта кетейік, Душанбедегі Гранд Слэм турнирінде еліміздің атынан барлығы 8 дзюдошы бақ сынады. Алайда, Абибадан басқасының бәрі жеңіліп қалды. Ұлттық құрама жалғыз қола медальмен жалпыкомандалық есепте 12-орынға тұрақтады.