
Досымен бірге моторлы қайыққа мінген 17 жастағы Әлішер Көжек өзенге құлап кеткен
Қайғылы оқиға 3 мамыр күні Атырау облысынң Еркінқала ықшамауданы маңында болған. Досымен бірге моторлы қайықпен өзенді жағалап келе жатқан 17 жастағы Әлішер Көжек бұрылыста қайықтан оқыстан құлап, сол күйі су бетіне шықпаған. Жанындағы жігіт ұстап қалуға тырысқанымен, өкінішке қарай, құтқара алмаған. Ағыс қатты болып, таппай қалған.
ТЖД-ға Жайық өзеніне ер адамның суға батып кеткені туралы қоңырау 3 мамыр күні сағат 17:25-те түскен. Шақырту түскен сәттен бастап, Атырау облысы ТЖД құтқарушылары оқиға орнына жедел жеткенімен, әлі күнге дейін іздеу-құтқару жұмыстары нәтиже бермей жатыр.
ТЖД мәліметінше, күн сайын 12 құтқарушыдан кем емес, 4 бірлік жүзу құралы, 3 бірлік техника және ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) жұмылдырылуда.
«Сонымен қатар, ПД қызметкерлері және кемесі тартылды. Іздестіру жұмыстары су астына сүңгу, акваторияға көзбен шолу және өзен түбін тралдау арқылы жүргізілуде (бүгінгі күнге дейін шамамен 2 шақырым аумақта жұмыстар жүргізілді). Ағыстың қатты болуы, су астында көріну деңгейінің өте төмен болуы және су астындағы бөгде заттардың кездесуі іздестіру жұмыстары кезінде қиындық туғызып жатыр. Іздестіру жұмыстары жалғасуда», - делінген мәліметте.
Жайыққа құлап жоғалған Әлішер Көжек дзюдодан спорт шеберіне үміткер екен.