
Екеуі де бір салмақта күресіп, екеуі де жартылай финалда жеңілген еді
Дзюдодан Астанада өтіп жатқан Гран Слэм турнирінде Қазақстан қоржынына бірден екі қола жүлде түсті. 60 келіде өнер көрсеткен қазақ балуандары Мағжан Шамшадин мен Аман Бақытжан үшінші орын үшін болған белдесулерін жеңіспен аяқтады.
Мағжан қола медаль үшін белдесуде француз балуаны Ензо Жеаннан басым түсті. Отандасымыз бүгін жартылай финалға жетіп сүрінген болатын. Алғашқы айналымда армениялық Ашик Андреянды иппонмен жеңсе, 1/16 финалда өзбек Муродил Муродиллаевты сан соқтырды. Ширек финалда Бразилиядан келген Кристиан Силвадан айласын асырып, жартылай финалға шыққан. Алайда, бұл кезеңде IJF туының атынан өнер көрсететін ресейлік Изнаур Сааевтан жығылды.
Мағжан осымен Астанада өткен Гран Слэм турнирінде екінші мәрте медаль алып отыр. Бұған дейін ол 2023 жылы өткен додада алтын медальға қол жеткізген.
21 жастағы Аман Бақытжан болса үшінші орын үшін болған белдесуде Оңтүстік Кореядан келген Ли Хариден айласын асырды. Бұған дейін ол тайпейлік даңқты дзюдошы, Токио Олимпиадасының жүлдегері және Азия чемпионы Янг Юн Вэйді жарыс жолынан шығарып, сенсация жасаған еді.
Бұл – Аман Бақытжанның ересектер арасындағы алғашқы жарысы.