
Дзюдошы белдесу барысында ереже бұзғаны үшін жарыстан шеттетілді
13–15 мамыр күндері Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында парадзюдодан әлем чемпионаты өтіп жатыр.
Аталған дүбірлі додада Қазақстан құрамасының атынан сынға түскен Олимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек жарыс жолын мерзімінен бұрын аяқтады.
J2 санатындағы 52 келі салмақта өнер көрсеткен Ақмарал ширек финалда Қырғызстан өкілі Айбике Ұланбекқызымен кездесіп, белдесу барысында ереже бұзғаны үшін жарыстан шеттетілді. Осылайша, отандасымыз әлем чемпионатындағы күресін тоқтатуға мәжбүр болды.
Бұл — Ақмарал Науатбектің жаңа салмақ дәрежесіндегі екінші халықаралық жарысы. Бұған дейін ол Тбилисиде өткен Әлем кубогінде алтын медаль жеңіп алған болатын.
Айта кетейік, парадзюдо бойынша әлем чемпионаты әр төрт жыл сайын өтеді. Биылғы додаға 40 елден 350-ден астам спортшы қатысуда. Олардың қатарында Паралимпиада чемпиондары, сондай-ақ әлем чемпионатының жүлдегерлері мен жеңімпаздары бар.