
Астана командасының капитаны Азиза Қабылова қарсыласын ұрып жіберген
14–19 мамыр аралығында Алматы қаласында әйелдер арасындағы гандболдан Қазақстан чемпионатының 1-тур ойындары өтіп жатыр.
Астана мен Алматы облысының командалары арасындағы тартысты кездесуде күтпеген жанжал шықты. Куәгерлердің айтуынша, астаналық команда негізгі құрамдағы төрт ойыншының жоқтығына қарамастан бірінші таймды бір ұпай айырмашылығымен өз пайдасына аяқтаған. Олардың орнын қосалқы құрамдағы гандболшылар толықтырған.
Алайда екінші таймда ойын барысы өзгеріп, Алматы облысының командасы алға шығып, есепті 24:17-ге жеткізеді. Осы сәтте алаңда төбелес басталып, Астана командасының капитаны Азиза Қабылова қарсылас ойыншы Балнұр Ермекті ұрып жібереді.
Көрермендердің айтуынша, Балнұр Ермек бірнеше рет Қабылованы әдейі арандатып, эмоциялық қысым көрсеткен. Сонымен қатар, Алматы облысы командасының жанкүйерлері төрешілердің әділетсіз шешімдеріне наразылық білдіріп, оларды қарсылас команданың мүддесін қорғады деп айыптаған.
Матчқа Қызылордадан келген төрешілер қызмет көрсетті. Қабылова үш ойынға дисквалификация алса, Ермек тек осы матчтың соңына дейін алаңнан қуылды.