Париж олимпиадасына дейін дзюдошының өмірі қыл үстінде тұрған
Париждегі Паралимпиада ойындарына дейін дзюдошы Ақмарал Науатбектің өмірі қыл үстінде тұрған. Спортшыға дәрігерлер қорқынышты диагноз қойған. Тіпті «алты ай ғана өмірің қалды» деп байлам жасаған. Сөйте тұра спортшы жаттығуын тоқтатпай, алтын медаль жеңіп алды.
«Егер денсаулығымды толық бақылауға алмасам, алты айдан да аз өмірім қалғаны ескертілді», – деп еске алады Науатбек түрік дәрігерінің сөзін.
Спортшының айтуынша, оның денсаулығында елеулі қиындықтар болған.
«Емделу үшін Түркияға аттандым. Сол жақта дәрігер маған «егер бұл жағдайды толық бақылауға алмасаң, алты айдан да аз өмірің қалды» деп ашық айтты. Ол кезде ешкімнің Олимпиада туралы ойлануға да шамасы болған жоқ. «Алты ай ғана өмірі қалса, Олимпиада не керек?», – деді анам бұл хабарды естігенде. Бірақ мен сонда да Олимпиадаға қатысатыныма сендім. Маған 1-типтегі қант диабеті диагнозы қойылған. Жағдайым өте ауыр еді – үш-төрт ай бойы ағзамдағы қант мөлшері 30-дан төмен түспей қойды. Түрік дәрігер анализдерімді көріп, «Менің 25 жылдық тәжірибемде мұндай көрсеткішпен тірі жүрген адам болмаған. Көбісі комада жатыр немесе өмірде жоқ» деді. Ол менің мұндай жағдайда қалайша жаттығу жасап, күресіп жүргенімді түсіне алмады», – деді Науатбек Zamandas YouTube-арнасына берген сұхбатында.