
Дмитрий Баландин – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері
Қазақстанның су спорт түрлері федерациясының кезектен тыс конференциясынде Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин федерацияның бас хатшысы лауазымына тағайындалды.
Бұл шешім бұрынғы бас хатшы Сергей Дроздовтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәлімдемесінен кейін қабылданып, конференция қатысушылары Баландиннің кандидатурасын бірауыздан қолдады.
«Дмитрий Баландинді тағайындау – оның спорттағы зор жетістіктерін мойындаумен қатар, федерацияны жаңғырту мен институционалдық тұрғыдан нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Біз оның кәсібилігі мен беделі еліміздегі су спорт түрлерінің дамуына зор үлес қосатынына сенімдіміз», – деді федерация президенті Нұрлан Жақыпов.
Дмитрий Баландин – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, Азия ойындары мен халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. 2021 жылдан бастап ол Қазақстанның ұлттық жүзу құрамасында жаттықтырушы және кеңесші ретінде белсенді жұмыс істеп келеді.