Рамзан Кадыровтың ұлы Адам Кадыров 17 жасында шаңырақ көтерді
Жақында ғана Шешенстан басшысы Рамзан Кадыровтың ұлы Адам Кадыров 17 жасында шаңырақ көтеріп, үйлену тойын дүркіретіп өткізді. Бұл маңызды оқиға Шешенстан астанасы Грозный қаласында өтті.
Салтанатты жиынға бірқатар елдің өкілдері – Қазақстан, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркияның елшілері, сондай-ақ Ресей Федерациясының губернаторлары, үкімет мүшелері мен шетелдік дипломаттар қатысқан. Бұл жайлы Рамзан Кадыровтың өзі Telegram парақшасында жазды.
«Құрметті достарым! Соңғы күндері Грозныйда аса қадірлі, құрметті меймандардың бас қосқаны мен үшін зор қуаныш. Қазақстан, Иран, БАӘ мен Түркия елшілері де арнайы келіп, отбасымыздың қуанышын бөлісті. Барша келген қонақтарға шын жүректен алғыс айтамын. Олардың қатысуы тойға ерекше көрік беріп, бұл сәтті ұмытылмас естелікке айналдырды. Осындай маңызды мезетте қасыңда жақындығын шынайы көрсететін адамдардың болғаны – зор бақыт. Бұл – көпшіліктің бас қосқанымен, әрқайсысы мерекеге шынайы жылылық пен шаттық сыйлаған ерекше жағдай», – деп жазды Кадыров.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымын Дәурен Абаев атқарады. Ол бұл қызметке 2023 жылғы 3 шілдеде тағайындалды.
Оған дейін Президент Әкімшілігінде жұмыс істеді, мәдениет және спорт министрі болды. Түрлі ақпарат көздері оның жары Рамзан Кадыровтың жақын серігі, Мемлекеттік дума депутаты Адам Делимхановтың немересі екенін жазуда.
Естеріңізде болса, жекпе-жек түрлерімен айналысатын Адам Кадыров түрлі спорттық жарыстардың жеңімпазы. Ол тіпті бокстан «Аңыздар уақыты» турнирлерінде топ жарған.