Оқырманның махаббаты. Моншадағы кездесу. Қызқұмар футболистер – ЖБ оқиға

«Өте қарапайым». Бибісара Асаубаева «Реал» жұлдызымен кездесуі туралы айтты

24.07.2025, 11:24

Шахматшы қыз «Реал» жұлдызының қарапайымдылығына тәнті болған

«Өте қарапайым». Бибісара Асаубаева «Реал» жұлдызымен кездесуі туралы айтты
Әлеуметтік желі

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Мадридтің «Реал» клубы мен Англия құрамасының қорғаушысы Трент Александр-Арнолдпен кездесуден алған әсері туралы айтып берді.

Бұған дейін Бибісара әлеуметтік желіде Трент Александр-Арнолдпен бірге түскен суретін жариялаған болатын. Қазақстандық спортшы онымен АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында өткен» Фишер шахматынан» «Үлкен дулыға» турнирі кезінде кездескен. Естеріңізде болса, аталған жарыста Бибісара гроссмейстерлер арасындағы жалғыз әйел шахматшы болды.

«Шыны керек, Трентпен суретке түсуім – кездейсоқ жағдай. Турнир барысындағы кешкі астың бірінде меценаттардың бірі бізбен әңгімелесіп тұрып, осы жерде Трент Александр-Арнолдты көргенін, онымен бірге суретке түскенін айтты. Мен өзім футбол фанаты емеспін, тек Роналду мен Месси секілді әйгілі ойыншыларды ғана танимын. Бірақ қызығушылығым оянып кетті, өйткені достарымның арасында футбол жанкүйерлері бар», – дейді Бибісара Tengri Sport-қа берген сұхбатында.

Шахматшы қыз «Реал» жұлдызының қарапайымдылығына тәнті болғанын айтты.

«Бөлмеме бара жатқанда, Трентті кездейсоқ көріп қалып, суретке түсуге өтініш білдірдім. Ол өте қарапайым, сыпайы, ашық адам болып шықты. Шынымды айтсам, таңғалдым. Бұған дейін танымал футболшылармен сөйлесіп көрмеппін. Іштей оларды тәкаппарлау деп ойлайтынмын. Бірақ Трент сол ойымды жоққа шығарды», – деді шахматшы қыз.

Сонымен қатар турнирге Испания құрамасы мен «Барселонаның» бұрынғы жұлдызды қорғаушысы Жерар Пике де келген. Пике турнирге жалғыз әйел шахматшы қатысып жатқанына таңғалған.

«Сөйлесуге мүмкіндік болды, бірақ турнир кезінде алаңдамай, бар назарымды шахматқа аудардым. Дегенмен қатысушылар арасында менің жалғыз қыз екенімді айтқанда, ол таңырқап қалды. Өкінішке қарай, суретке түсіп үлгермедім», – деді Бибісара.

Айта кетейік, 21 жастағы Бибісара Асаубаева – блицтен екі дүркін әлем чемпионы, сонымен қатар Қазақстан құрамасы сапында шахмат олимпиадасының күміс жүлдегері. Қазір ол классикалық шахмат, рапид және блиц бойынша әлемнің үздік 10 шахматшысының қатарында. Ал 2025 жылдың 22 шілдесінде Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) екінші кеңесі Бибісара Асаубаеваға гроссмейстер атағын ресми түрде табыстады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам