
Бұл жарыс клубтық жүйе форматында ұйымдастырылмақ.
2026 жылы Қырғыз Республикасында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасынан қазақтың ұлттық ойыны – көкпар алынып тасталды. Бұл туралы Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің директоры Айбек Әбдімомынов ресми түрде мәлімдеді.
Оның айтуынша, алдағы додада тек көкбөрі турнирі өтеді. Бұл жарыс клубтық жүйе форматында ұйымдастырылмақ.
«Біз көкбөрі федерациясымен бірнеше рет бас қосып, жарыстың ережелерін жан-жақты талқыладық. Әсіресе спортшылардың қауіпсіздігі мен қорғаныс құралдарының сапасына баса мән бердік. Қазір жаңа ереже толық дайын, жақын күндері ресми түрде таныстырамыз», – деді агенттік басшысы.
Еске салайық, былтыр Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасында көкпар мен көкбөрі жарысы қатар өткен. Көкпар сайысында Қазақстан құрамасы топ жарып, бас жүлдені еншілеген. Алайда жарыс біте сала, екінші орынды қанағат тұтқан Қырғызстан спортшылары марапаттау рәсімін күтпестен, мінберден кетіп қалған болатын.