
Спортшы бас бапкермен түсініспеушілік болғанын атап өтті
Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында 2014 жылы Қазақстан жастар құрамасының бас бапкерімен арада болған келіспеушіліктер жайлы ашық айтты.
Бапкермен қарым-қатынаста қиындықтар туындады. Маған не үшін осындай алдын ала қалыптасқан теріс көзқарас болғанын түсінбедім. Кейіннен мен туралы «ол мүлдем ойнай алмайды, тек әдемі қыз ғана, құрамада жеңілістердің бәрі Сабинаға назардың артуынан» деген сөздер айтылды. Мен мұны қақтығыс деп емес, көбірек түсінбеушілік деп қабылдадым. Ол менен бір нәрсені талап етті, бірақ оның нақты не қалағанын ұға алмадым. Әр жаттығудан кейін көз жасымды тыя алмай қайтатын кездерім болды. Біз қонақүйде тұрғандықтан, бапкерге қоңырау шалып: «Ұлттық құрамада ойнағым келмейді, қатты шаршадым» деп айтатынмын, — деді спортшы.
Айта кетейік, Сабина Алтынбекова 2013–2018 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетті. Ол ұлттық команда сапында алғаш рет 2013 жылы 23 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия чемпионатында дебют жасаған. Ал 2014 жылы Тайбэйде өткен U-19 Азия чемпионатынан кейін бүкіл Азияға кеңінен танылды. 2018 жылдан бастап ол құрамаға шақыру алмаған.