Ол бозкілемді қатты сағынғанын айтты
Әлем чемпионы, Олимпиада жүлдегері Айсұлу Тыныбекова үлкен спортқа қайта оралатынын мәлімдеді. Бұған дейін ол тұрмысқа шығуына байланысты спорттық мансабын уақытша тоқтатқан болатын.
Белгілі балуан сұхбатында бозкілемді қатты сағынғанын айтып, келесі жылдан бастап қайтадан жарыстарға қатысуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Барлық жанкүйерлерге айтарым: иә, мен спортқа оралғым келеді. Құдай қаласа, келесі жылдан бастап біртіндеп бастаймын. Жолдасым толық қолдау білдіріп отыр. Ол да күреспен байланысты, бізді таныстырған да – осы спорт», – деді Тыныбекова 24kg басылымына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Айсұлу Тыныбекова күрес тарихында Азия чемпионаттарындағы ең көп жүлдеге ие болған әйел спортшы ретінде тарихқа енді. Оның еншісінде 6 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль бар.