
Әлібек Әлденей: Болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін кәсіби орта қалыптасты
Қарағандылық спортшылар биыл 140 халықаралық жарыста 418 медаль жеңіп алды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілдаға берген сұхбатында айтты.
«Биыл біздің спортшылар 140 халықаралық жарыста 418 медаль жеңіп алды. Бұл – үлкен жетістік. Жастарға үлгі болатын жарқын мысалдар бар: боксшы Аида Әбікеева әлем чемпионы атанды, Владислав Киреев қысқы Азия ойындарында алтын мен қола еншіледі, ал паралимпиадашылар Дастан Мұқашбеков пен Даяна Федосова қола жүлдені қанжығасына байлады. Мұндай жеңістер, сөзсіз, қанаттандырады. Бірақ біздің міндет – осы жетістіктерді тұрақты нәтижеге айналдыру, жүйелі табысқа жеткізу», - дейді Әлібек Әлденей.
Оның айтуынша, бұл үшін мықты инфрақұрылымдық база қажет. Сондықтан тек нәтиженің өзіне емес, сол нәтижеге апаратын жолға да баса мән беріп отырғандарын жеткізді.
«Бүгінде спорт тек жеңіс аренасы ғана емес, өңірлердің дамуына серпін беретін күшке айналып отыр. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар нысандардың құрылысы басталды. Саранда спорт кешені салынып жатыр. Бұған қоса, Балқашта, Шет ауданының Мойынты ауылында тез тұрғызылатын модульді спорт ғимараттарын салуға жеке инвестициялар тартылды. Ал Қарағандыда «Аманат» және «Өжет» спорт-сауықтыру кешендерінің құрылысы қолға алынды. Басты мақсатымыз – өңір халқының өмір сапасын арттыруға бағытталған, халықаралық стандарттарға сай спорттық кластер қалыптастыру», - дейді әкім орынбасары.
Оның айтуынша, жаңа кешеннің құрамына жеңіл атлетикалық манеж, дарынды спортшыларға арналған мектеп-интернат, мұз айдыны, әмбебап спорт кешені, футбол академиясы және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру орталығы кірмек.
Біз қазіргі заманғы тәрбиенің экожүйесін қалыптастыра отырып, тек базалық инфрақұрылымға ғана емес, жас таланттарды дамытуға да басымдық беріп келеміз. «Freedom Шапағат» қорының қолдауымен «Шахтёр» футбол академиясының құрылысы басталды. Бұл – болашақ кәсіби спортшыларды дайындайтын орталық. Академия құрамында жабық манеж, ашық алаң, 3,5 мың көрерменге арналған стадион және 65 орындық жатақхана қарастырылған. Бұл – өңірлік спорттық кластерді құру жолындағы алғашқы қадам. Футбол академиясы – кешенді бағдарламаның бір бөлігі ғана екенін айта кеткім келеді. Жоба аясында мектептегі жаттықтырушыларды оқыту да қарастырылған. Қазірдің өзінде он мектеп «пилоттық жобаға» енді. Жақында біз дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне арналған семинар өткіздік. Соның нәтижесінде олар УЕФА сертификатына ие болды. Демек, біз тек спорттық инфрақұрылымды ғана емес, болашақ чемпиондарды тәрбиелей алатын кәсіби ортаны да қалыптастырып жатырмыз», - дейді әкім орынбасары.
Ол келесі қадам – спортты өскелең ұрпақтың күнделікті өмір салтына айналдыру. Мәселен, жаңа ықшамаудандарда футбол алаңдары салына бастады. Нәтижесі бірден сезілді деп отыр.
«Балалардың қызығушылығы артып, әсіресе қыздардың белсенділігі ерекше көзге түсті. Бұл кездейсоқ құбылыс емес. Халықаралық зерттеулер де соны дәлелдейді. Мәселен, Австралияның қылмыстану институты жүргізген зерттеулер жастардың спортпен жүйелі түрде шұғылдануы тек денсаулықты нығайтып қана қоймайтынын айтады. Ол құқықбұзушылық деңгейін төмендетіп, мінез-құлықтың тұрақты моделін қалыптастырады әрі жасөспірімдердің қоғамға бейімделуіне зор ықпал етеді. Сонымен бірге, біз мектептерде интеллектуалдық спорт түрлерін де белсенді енгізіп жатырмыз. Ең алдымен – шахмат. Бұл бағытта Қарағанды облыстық шахмат федерациясы үлкен жауапкершілік алып, оқу орындарын қажетті құрал-жабдықпен және әдістемелік базамен қамтамасыз етуде. Қазірдің өзінде мұғалімдерді оқыту басталды, әр ұстаз шахматты сауатты жүргізе алуы үшін арнайы даярлықтан өтуде. Балалар үшін шахмат – жай ғана қызығушылық үйірмесі емес, стратегиялық ойлау, логика мен зейінді шыңдайтын нағыз мектеп. Осылайша мектептерде екі түрлі бағыт қолданылуда: бір жағынан – дене шынықтыру мен бұқаралық спорт арқылы дамытамыз, екінші жағынан – зияткерлік және когнитивтік дамуды қолға аламыз. Нәтижесінде тәрбиенің толыққанды экожүйесі жасалып, жаңа буын алғыр да шымыр, қайсар да табанды болып жетіледі», - дейді Әлібек Әлденей.