
Mercedes AMG GLE маркалы автомобиль
Париж Олимпиадасының чемпионы, Токио ойындарының қола жүлдегері Елдос Сметов өзіне сыйға берілген автокөлікті сатуға шешім қабылдады.
Белгілі дзюдошы Instagram парақшасындағы stories бөлімінде көлігінің суретін жариялап, оны сататынын хабарлады. Спортшы жазбасында:
«Жұғысты болсын!» – деп, болашақ иесіне сәттілік тіледі.
Анықталғандай, Сметов сатып жатқан көлік – Mercedes AMG GLE маркалы автомобиль. Бұл темір тұлпар оған 2024 жылы Париж Олимпиадасындағы алтын медальдан кейін Динара Сәтжанның жұбайы, кәсіпкер Жұмабек Жанықұловтан сыйға берілген.
Сол күні кәсіпкерлер Жұмабек Жанықұлов пен Сырымбек Тау Олимпиада жүлдегерлерін марапаттап, бірнеше спортшыға қымбат көліктер тарту еткен еді.
Елдос Сметов көлікті 45 миллион теңгеге бағалап, жедел сатылымда тұрғанын мәлімдеді.
Олимпиада чемпионының бұл шешімі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік оның бұл қадамын «прагматикалық әрі орынды шешім» деп бағаласа, кейбір жанкүйерлер спортшының көліктен не себепті бас тартқанын білуге қызығушылық танытты.