Италиялық маман Алькарастың жарақаттан кейінгі жағдайына қатысты болжам жасады
Италия теннис федерациясының медициналық комиссиясының басшысы Джанни Даниэле испаниялық теннисші Карлос Алькарастың жарақаттан кейін кортқа оралуына психологиялық факторлар кедергі болуы мүмкін екенін айтты.
Алькарас 15 сәуірден бері ресми матч өткізген жоқ. Ол Барселонадағы ATP 500 турнирінің екінші айналымында оң білегіндегі жарақатына байланысты кездесуді жалғастыра алмаған.
Содан бері испаниялық теннисші бірнеше «Мастерс» турнирін, сондай-ақ «Ролан Гаррос» пен Уимблдонды өткізіп алды. Тамыз айының басында ол Цинциннати турниріне де қатыспайтынын мәлімдеді.
Даниэленің айтуынша, Алькарастың жарақаты туралы Испаниядан нақты ақпарат аз болған. Осыған байланысты маман спортшының қазіргі жағдайына психологиялық факторлар әсер етуі мүмкін деген болжам жасады.
«Ол бұрынғы жаттығу қарқынына оралуда қиындықтарға тап болуы мүмкін. Оның бойында қандай да бір психологиялық әлсіздік немесе тұйық шеңбер қалыптасып, бұрынғы сенімділігіне қайта келуіне кедергі келтіруі ықтимал», – деді Даниэле.
Маман сонымен қатар Алькарастың жағдайында «депрессияның бір түрі» болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Алайда бұл – Даниэленің жеке болжамы және Алькарастың командасы немесе дәрігерлері мұндай диагнозды растаған жоқ. Италиялық маманның пікіріне байланысты сын да айтылып жатыр.
Бұған дейін Алькарас жаттығуын біртіндеп қайта бастағанын көрсеткен. Маусым айының соңында ол оң қолымен ракетка ұстап, жаттығу видеосын жариялаған болатын.
Қазір испаниялық теннисшінің басты мақсаты – тамыздың соңында басталатын US Open турниріне қатысу. Алайда оның турнирге нақты қатысатыны әзірге белгісіз.
Алькарастың мансабында 26 ATP титулы бар. Оның ішінде жеті «Үлкен дулыға» турниріндегі жеңісі және 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс медалі бар.