Рыбакина жарақатына байланысты Ухань жарысына қатыспайды
Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина WTA 1000 санатындағы Ухань турнирі өтетін аптада рейтингтік 500 ұпайынан айырылады. Бұл туралы Tennis365 басылымы жазды.
Қазақстандық теннисшінің рейтингінен былтыр Нинбода өткен турнирде жеңіске жеткені үшін алған ұпайлары шегеріледі. Рыбакина жарақатына байланысты Ухань жарысына қатыспайтындықтан, жоғалтқан ұпайларын осы турнирде толықтыра алмайды.
Tennis365 басылымының есебінше, ұпайлар шегерілгеннен кейін Рыбакинаның Арина Соболенкодан басымдығы 2211-ден 1711 ұпайға дейін қысқарады. Беларусь теннисшісі бұл аптада рейтингтік ұпай жоғалтпайды. Егер Ухань турнирінде чемпион атанса, ол Рыбакинадан қалып қою көрсеткішін 711 ұпайға дейін қысқарта алады.
Рейтингте басқа теннисшілердің де ұпайлары өзгереді. Лейла Фернандес былтырғы Japan Open турниріндегі жеңісі үшін алған 250 ұпайынан, ал Белинда Бенчич Нинбодағы ширек финал үшін берілген 108 ұпайынан айырылады.
Мирра Андреева мен Элина Свитолинаның есебінде бұрынғы нәтижелерінің орнына 10 ұпайлық нәтиже есепке алынады. Ал Ига Швёнтек пен Линда Носкова үшін бұл көрсеткіш бір ұпайды құрайды. Бірінші айналымды өткізетіндіктен, төрт теннисші де Ухань турнирінде кемінде 10 рейтингтік ұпай жинауға кепілдік алған.
Арина Соболенко, Джессика Пегула, Марта Костюк және Коко Гауфф бұл аптада рейтингтік ұпай жоғалтпайды. Гауффтың былтырғы Ухань турниріндегі жеңісі үшін алған 1000 ұпайы бұған дейін есептен шығарылған.
Tennis365 басылымы Ухань турнирі 2025 жылы биылғыдан бір апта ерте өткенін атап өтті. Сондықтан қазір WTA рейтингінен күнтізбедегі сәйкес аптада өткізілген жарыстардың нәтижелері шегеріледі. Олардың қатарында Нинбо мен Жапониядағы турнирлер бар.
Айта кетейік, WTA рейтингі соңғы 52 аптадағы нәтижелер негізінде есептеледі.