Елена Рыбакина жыл соңына дейін тағы бір турнирге қатысуы мүмкін

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін The Six көрме турниріне қатысушылар тізіміне енді

WTA
WTA

Әлемнің үздік теннисшісі Елена Рыбакина 2026 жылғы ресми маусымын мерзімінен бұрын аяқтағанымен, жыл соңына дейін кортқа қайта оралуы мүмкін. Әлемнің бірінші ракеткасы 25-27 желтоқсан аралығында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін The Six көрме турниріне қатысушылар тізіміне енді.

Жарыс Inspire Arena спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған әйелдер теннисінің алты танымал өкілі қатысады. Рыбакинадан бөлек, Беларусь өкілі Арина Соболенко, ресейлік Мирра Андреева, польшалық Ига Швентек, жапониялық Наоми Осака және италиялық Жасмин Паолини де турнирге шақырту алған.

Аталған дода әйгілі Six Kings Slam көрме турнирінің әйелдер арасындағы баламасы болмақ. Үш күнге жоспарланған жарыста теннисшілер жүлде үшін плей-офф жүйесі бойынша сынға түседі. Жалпы жүлде қоры 1,1 миллион долларды құрайды.

Алғашқы кездесулер 25 желтоқсанда өтеді. Бұл күні төрт теннисші жартылай финалға берілетін екі жолдаманы сарапқа салады. Ал жоғары рейтингке ие Рыбакина мен Соболенко жарысты бірден екінші кезеңнен бастайды. Жартылай финалдық матчтар 26 желтоқсанға жоспарланған. Турнир жеңімпазы 27 желтоқсанда анықталады.

Осылайша, қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін 26 желтоқсанда өткізуі тиіс. Жеңіске жеткен жағдайда келесі күні бас жүлде үшін таласады. Айта кетейік, The Six турнирі WTA-ның ресми күнтізбесіне кірмейді. Сондықтан мұндағы нәтижелер теннисшілердің әлемдік рейтингтегі орнына әсер етпейді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам