Билли Джин Кинг кубогы: Рыбакина Қазақстанға мерзімінен бұрын жеңіс сыйлады

10.04.2025, 12:37

Жарыстың финалдық кезеңіне 8 құрама команда қатысады

Билли Джин Кинг кубогы: Рыбакина Қазақстанға мерзімінен бұрын жеңіс сыйлады
WTA

Теннистен Қазақстан құрамасы командалық әлем чемпионатының «D» тобының іріктеу кезеңінде Аустралияны мерзімінен бұрын жеңді.

Аустралияның Брисбен қаласында өткен Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирінде алғашқы болып кортқа Юлия Путинцева мен Майя Джойнт шықты. Қазақстандық теннисші әлемнің 23-ракеткасы болса, 18 жастағы қарсыласы 78-сатыда еді. Путинцева Джойнтты 6:2, 6:1 есебімен ойсырата ұтты. Бір сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында Путинцева 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. 

Ал, Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 10-орын) Кимберли Биреллді (WTA рейтингінде 61-орын) 6:3, 7:6 (7:4) есебімен жеңді. Екінші сетте қазақстандық теннисші 1:5 есебімен ұтылып жатса да, камбэк жасап, жеңісті жұлып алды. Бұл – Еленаның Қазақстан құрамасы сапындағы жекелей сында 10 матчтағы 8-жеңісі.

Осылайша, Қазақстан құрамасы «D» тобында көш бастады. Күннің үшінші матчында Анна Данилина мен Жібек Құламбаева жұбы Сторм Хантер мен Эллен Переске қарсы ойнайды.

Сондай-ақ, Қазақстан құрамасының сапында Зарина Диас та тіркелген, ал команданың капитаны — Юрий Щукин.

Билли Джин Кинг Кубогының финалдық кезеңіне сегіз құрама қатысады, қазіргі чемпион — Италия.

2022 жылы Қазақстан финалдық кезеңде ойнаған болатын, бірақ ол кезде жарысқа 12 команда қатысқан еді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам