Қазақстан тарихында әлі ешқандай теннисші мұндай жетістікке жетпеген
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жеке және жұптық сында өнер көрсететін теннисші қыздардың рейтингін жаңартты.
Қазақстанның бірінші ракеткасын саналатын Елена Рыбакина төртінші сатыдан үшіншіге көтеріліп отыр. Мұндай нәтижеге ол кеше ғана Аустралияның Брисбен қаласында өткен турнирде жеңімпаз болғаны үшін қол жеткізген.
Ал, екінші ракеткамыз – Юлия Путинцева болса 63-тен 64-ші сатыға төмендеді.
Әлемдік рейтингтің көшін поляк қызы Ига Швентек сақтап қалды. Екінші орында белорус Арина Соболенко тұр.
Ал, жұптық санатта өнер көрсетіп жүрген қазақстандық теннисші Анна Данилина бірден он сатыға жоғарылап, 44-орынға жайғасты. Ол да кеше ғана Жаңа Зеландияның Окленд қаласында өткен WTA 250 - ASB Classic турнирінде жеңімпаз атанған болатын.