
Отандасымыз әлемнің 60-ракеткасына есе жіберді
Әлемдік рейтингте 10-орында тұрған Елена Рыбакина US Open жарысын төртінші айналымда аяқтады.
Отандасымыздың жолын чехиялық Маркета Вондроушова кесті. Әлемнің 60-ракеткасы саналатын теннисші бұған дейін 2023 жылы Уимблдон жеңімпазы атанса, Рыбакина бір жыл бұрын осы беделді турнирде топ жарған еді. Қос қарсылас бұған дейін екі рет кездесіп, жеңістерін тең бөліскен.
Осы жолғы ойында алғашқы сет тартысты өтті. Елена есепті теңестіргенімен, шешуші сәтте Вондроушова брейк жасап, 6:4 есебімен алға шықты. Екінші партияда Рыбакина табандылық танытып, 7:5 есебімен жеңді. Бірақ шешуші үшінші сетте чехиялық спортшы басым түсіп, 6:2 нәтижесімен матчты түйіндеді.
Бір сағат 51 минутқа созылған кездесуде Елена 5 эйс орындап, 6 брейк-пойнттың жартысын тиімді пайдаланды. Ал Вондроушова 13 эйс жасап, 7 мүмкіндіктің бесеуін сәтті жүзеге асырды.
Енді Маркета Вондроушова жартылай финалға жолдама үшін әлемнің 1-ракеткасы Арина Соболенкомен кездеседі. Беларусь спортшысы төртінші айналымда Испаниядан келген Кристина Букшаны жеңді.