Шавкат бейнеленген ресми UFC мерчін алуға асық

«100 жылда бір туады»: қазақстандық азамат тұлпарын 1 млн долларға сатпай қойды

25.01.2024, 15:18
«100 жылда бір туады»: қазақстандық азамат тұлпарын 1 млн долларға сатпай қойды
Фото ашық дереккөзден

Бұған дейін Дубайдағы әлемдік додада Қазақстанның сәйгүліктері жүлделі орындарға ілінген емес. Алайда, тумысынан тұлпар болған Кабирхан деген ат биыл аталған жарыста топ жарып, жанкүйерлердің мерейін үстем етті. Осы жеңістен кейін аттың иесіне «сәйгүлікті сат» деп қолқа салғандар көбейген. 

Тұлпардың иесі Тілек Мұханбетқалиев Ұлттық спорт қауымдастығының ютуб-арнасына берген сұхбаты барысында біршама тың дерекпен бөлісті. Айтуынша, Кабирханның тұрқын көрген ат сыншылары оны 100 жылда бір туатын тұлпар деп бағалаған. 9 рет бәйгеге шауып, соның сегізінде бірінші, тек біреуінен екінші келген Кабирханға ат ұстаушылардың назары бірден ауған. 

«Кабирханды сат дегендер көп болды. Ресейден де сұрады. Бірақ, келісе алмадық. Қанша ұсынғандары құпия болып қалсын. Ең көбі 1 миллион доллар берді, сатпадым», - дейді аттың иесі. 

Сондай-ақ, ол жарыстарға қатысқан сайын Кабирханның рейтингі өсіп жатқанын жеткізді. 

«Біраз жүлде ұтты. Өз-өзін ақтап қойған. Ресейде 5,5 миллион рубль ұтты, теңгеге шақсақ 27 миллион теңге. Ал Дубайда 126 мың дирхем жеңді. Енді оны курспен есептесек 35 мың АҚШ доллары», - деді Тілек Мұханбетқалиев.

Айта кетейік, бүгіннен бастап Ұлттық спорт Youtube арнасын іске қосылды. Арнада эксклюзивті сұхбаттар, Ұлттық спорт қауымдастығына кіретін федерациялардың жаңалықтары, спортшыларды даярлау барысы сияқты және т.б. көптеген қызықты контент жарияланбақ. Оның алғашқы шығарылымы БАӘ, Дубайда өткен жарыста бірінші орынға ие болған, көптеген жарыста алдына қара салмаған Кабирхан атты жылқының иесі Тілек Мұханбетқалиевпен эксклюзивті сұхбатқа арналды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам