Ол мүсіркеуді ұнатпайтын адам
Бокстан 2013 жылғы әлем чемпионы Біржан Жақыпов жеке бапкері болған Мырзағали Айтжановқа қатысты жиі айтылатын сынға қатысты жауап берді.
– «Мырза аға шәкірттерін сүйреді» деген пікір де болды…
– Оны естідім. Бірақ Теміртаспен талай рет кездесіп, ешқашан жеңілген емеспін. Кейін ол өзін дәлелдеп, әлем чемпионы атанды.
2010 жылы Қазақстан чемпионатында Ілияс Сүлейменовтен ұтылдым, ол менің таза қателігім. Дегенмен кейін есемді қайтардым. Азамат Исақұловтан да жеңіліп, кейін реванш жасадым.
Бірақ ұтылып тұрып, жеңісті тартып алды деген пікірлер шындыққа жанаспайды. Ешкімнің жолын байлаған емеспін. Әділетсіздікке өзім ұшыраған шығармын, бірақ жеңіліп тұрып, менің қолымды көтерген кез болған емес.
Бұл бокс қой, жарысты, спаррингті бәрі көреді.
Мырза аға сүйреді дейтіндей, шәкірттері нәтиже көрсетпесе екен. Ол кісінің құрамадағы шәкірттері әлем чемпионаттарында, Олимпиада, Азия ойындарында үздіктер қатарынан көрінді ғой. Сондықтан олай сынайтындарды түсінбеймін. Қолдау көрсетіп, алғыс айтудың орнына жерден алып, жерге салады.
– Жеке шәкірті бар бапкер құрама тізгінін алмауы керек деп жатады.
– Бапкері ұлттық құрама тізгінін алғаны үшін ғана шәкірті, мықты бола тұра, жарысқа қатыспауы керек пе? Қайрат ағаның шәкірттері де құрамаға ілігіп, өзінің мықты екенін дәлелдесе, неге ірі жарыстарға қатыспайды?! Шаршы алаңға бапкер емес, боксшының өзі шығады. Төрешіні сатып алатын шығарсың, бірақ жанкүйерді алдай алмайсың.
– Өзіңіз Мырзағали ағаның төл шәкіртісіз. Қателеспесем, ол кісі үш бірдей әлем чемпионын дайындаған жалғыз бапкер… Осы жолы Сәкен Бибосынов екінші рет әлем чемпионы атанды. Ол кісі әсіресе жеңіл салмақта табысты жұмыс істейді. Бұған не себеп?
– Қайрат Ералиев екеуміз бір алтын, бір қола алдық. Ал Сәкен Бибосынов – екі дүркін әлем чемпионы, қола жүлдегер. Сонымен қатар Еркебұлан Шынәлиев Олимпиада жүлдегері атанды. Асқар Абдуллаев жастар арасында Азия чемпионы, ересектер арасында әскери ойындарда әлем чемпионы болды. Сондықтан ол кісі тек жеңіл салмақтағы боксшыларды үздіктер қатарына қосты деуге келмейді.
Қазір аса ауыр салмақта Нұрлан Сапарбай жүр, бірақ оны бала кезінен емес, кейін алды. Қолын түсіріп бокстасады деп сынап жатыр, бірақ Мырза аға келген бойда бәрін өзгертіп жіберетін сиқыршы емес қой. Нәтиже біртіндеп келеді.
Мырзағали ағай өте талапшыл, қатал кісі. Бірақ саған сенетінін сезесің. Сол сенім үшін оны жерге қаратпауға тырысатынбыз. Өте қазақы адам, жиналыстарды тек қазақша өткізетін. Мақал-мәтелмен сөйлейді, бірақ айтқаны сүйектен өтеді. Ұйымшыл болуға баулитын, соның арқасында топырлаған жігіт бір үйдің баласындай өстік.
«Сен өзің үшін емес, еліңнің намысы үшін бокстасасың» деп қайрайтын. Сабырлы, ешқашан сасқалақтамайды. Бұл шәкірт үшін өте маңызды.
– Былтыр Парижден соң Мырзағали ағай құрамадан кетті. Айтылған сындар оңай тимегені анық, сол уақытта өзіңіз ол кісімен сөйлестіңіз бе?
– Негізі ағайды мазалай бермейміз, ісіне кедергі келтіргім келмейді. Оның үстіне мүсіркеуді ұнатпайтын адам. Сыртынан сөйлейтіндердің талайын көріп жүр, бірақ өзін ақтап, жұртты даттап жатпайды – ірілігі бар. Осы чемпионатта да көріп амандастым, «қалайсың, бала?» деп қана қысқа қайырды. Еркелігіңді көтеріп, асты-үстіңе түсіріп жүретіндердің қатарында емес. Талай сыннан сүрінбей өтіп келе жатқан кісі ғой.